МӘМС: 2026 жылдан бастап табысы төмен азаматтар үшін сақтандыру жарнасын әкімдіктер төлейді

Автор: Дәулет Ботагөз

Жеткілікті табысы бар санаттар медициналық көмек алу үшін дербес сақтандырылуға тиіс

Фото: © freepik.com

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастырудың жаңа тәсілдеріе түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Бұл поста кеше заң жобасы түрінде ашық НҚА порталында жарияланған медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін бөліскім келеді. Осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы бюджеттің мүмкіндіктерімен теңестірілетін медициналық көмектің бірыңғай пакетін (МКБП) қалыптастыруды тапсырды. Бұл пакеттен тыс барлық нәрсе медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қамтылуы керек», — деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның сөзінше, ТМККК және МӘМС екі пакетіндегі қызметтердің қайталануы, олардың ашық еместігі, нақты шекаралардың болмауы, сонымен қатар қаржылық қамтамасыз етумен сәйкес келмеуі және нәтижесінде медициналық қызметтерді тұтынушылардың тарапынан шағымдар оларды қалыптастырудың түбегейлі жаңа тетіктерін талап етті.  

Ведомство мамандары, сыртқы сарапшылар бір пакеттік қаржыландыруға көшу үшін егжей-тегжейлі жоспар әзірледі, барлық медициналық қызметтерге, олардың құнына ауқымды талдау жүргізілді.  Біз үшін бұл өзгерістердің маңызды мақсаты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен барынша қамту және халықтың барлық топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету болып қала береді.

«Бұл үшін не көзделген? Біздің сақтандыру моделімізде мемлекет балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, жұмыссыздар, мүгедектігі бар адамдар және халықтың басқа да санаттары кіретін жеңілдіктердің 15 санаты үшін жарналарды енгізуді жалғастырады. Сондықтан аталған әлеуметтік осал санаттар, ал олар 11,9 млн-нан астам қазақстандықты құрайды, мемлекет қорғаған және оларға барлық деңгейдегі медициналық көмекке, оның ішінде МСАК қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады», — деп жазды ол.

Министрдің сөзінше, МӘМС жүйесінде сақтандырылған еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, бұл 5 млн. адам да медициналық көмекке қолжетімділікті толық көлемде сақтайды.  

Бұдан басқа, әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейлеріне жататын, яғни табысы төмен 1 млн-нан астам еңбекке қабілетті жастағы азаматтар 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде сақтандырылғандардың қатарына жергілікті атқарушы органдардың есебінен кіреді және МӘМС пакетінде қосымша медициналық көмекті кедергісіз ала алады. 

«Еңбекминінің отбасының цифрлық картасына сәйкес А, В, С санатына жататын, жеткілікті табысы бар қалған санаттар медициналық көмек алу үшін дербес сақтандырылуы тиіс. Осы санаттағы азаматтарды МӘМС жүйесіне енгізу нәтижесінде әлеуметтік мәні бар аурулары бар адамдар тобындағы сақтандыру деңгейі 93%-ға дейін артады. Осылайша, біз қабылданған шаралар халықты сақтандырумен барынша қамтуға, тиісінше медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін көреміз», — деп жазылған министрдің жазбасында.

Базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакеті сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қажетті қызметтерді қамтиды: жедел жәрдем, шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау және емдеу (оның ішінде АИТВ, туберкулез, онкологиялық аурулар), паллиативтік көмек және профилактикалық скринингтер.

«Көріп отырғанымыздай, қызметтердің бұл көлемі жеткілікті және жедел және созылмалы аурулары бар пациенттер үшін барлық қажетті медициналық көмек қызметтерін қамтиды. 2027 жылдан бастап МСАК МӘМС-ке енгізіледі, бұл медициналық көмектің толыққанды бірыңғай пакетін жасайды. Бұл пакет мемлекеттік қаржыландырудың 30%-ын және МӘМС жүйесінің 70%-ын құрайтын болады», — деп жазды министр.