Көкшетауда «көлік айдаудан жалыққан» жүргізуші 15 тәулікке қамалды

Автор: Дулат Асель

Сонымен қатар ер адам 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды

Видеодан алынған кадр

Көкшетауда есірткіге мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты. Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға Абай мен Ғабдулин көшелерінің қиылысында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция қызметкерлері LADA Largus автокөлігін тоқтатып, 1988 жылы туған жүргізушіні тексермек болған.

Алайда, жүргізуші ішкі істер органдары қызметкерлерінің есірткіге масаюды куәландыру туралы заңды талабын орындаудан бас тартты. Бұл әрекеті үшін ҚР ӘҚБтК 613-бабының 4-бөлімі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалды.

«Сот шешіміне сәйкес, ер адам 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Айыпталушы өзін ақтау үшін тексеруден өтуге физикалық тұрғыда дайын еместігін айтып түсіндірген. Сонымен қатар ол көлік жүргізуден жалыққанын және бұл шешімге аса уайымдамайтынын жеткізді», - делінген хабарламада.