Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе 170 адам куәгер болған - депутат тың мәліметтерді жария етті

Автор: Асыл Арман

Депутат қандай шаруалар атқарылып жатқанын айтты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан Талғардағы атышулы оқиғаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты Алматы облысына арнайы барып, істің барысы туралы анық-қанық білгенін айтып өтті.

«Соңғы күндері Талғардағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қоғамда қызу талқылау жүріп жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттардың таралуына байланысты, көп жағдайда тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулерге назар аударылып жатыр. Осыған байланысты әріптесім, депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге болған оқиғаның мән-жайымен жете танысу үшін арнайы Алматы облысына бардық. Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысының прокуроры Берік Адамов, облыстың  Полиция департаментінің басшысы Мейрам Әбікевпен жолықтық. Мен, заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңызды екенін атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүруіне кері әсерін тигізуі мүмкін», - дейді Абзал Құспан.

Депутат сөзін жалғай отырып, осы іс бойынша қандай шаруалар жүріп жатқанын қозғап өтті.

«Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам ұсталғаны белгілі. Қазір тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр. Осы іс бойынша 170-тен астам куәгерден жауап алынып, 40-қа жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр. Сонымен қатар, Шерзат Полаттың ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жасалып жатыр. Қылмыстық істің қоғамдық маңыздылығына байланысты, мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз», - дейді мәжілісмен.

Ол сөз арасында қылмыстық істердің алғашқы нәтижелеріне де тоқталып шықты.

«Алғашқы нәтижелерге келсек, облыс прокуроры Берік Адамовпен кездесу барысында  тергеу амалдарының барынша заң аясында және тиянақты жүргізілуін талқыладық. Облыстық прокуратура бұл істің құқықтық және әділдік принциптеріне сай қаралатынын мәлімдеп, бізге уәде берді. Алдағы уақытта тергеу барысы мен ресми ақпараттарды жариялап отырамын. Қазіргі таңда кез келген расталмаған ақпараттан аулақ болуға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамын. Заңның үстемдігі мен әділдік жолында бірге болайық» - дейді депутат.