АҚШ пен Қытай: екі ел арасында сауда-саттықта келіспеушілік туындады

Автор: Дулат Асель

Қытай өз құқықтары мен мүдделерін батыл қорғау үшін қажетті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді

Фото: iStock

Қытайдың Сауда министрлігі дүйсенбі күні АҚШ-тың кейбір қытайлық тауарларға кедендік бажды арттыруына наразылық білдіретінін тағы да мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Синьхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

11 желтоқсанда АҚШ Сауда өкілдігінің кеңсесі 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қытайдан импортталатын вольфрам өнімдерінің кейбір түрлеріне, кремний пластиналарына және поликремнийге кедендік баждың артатынын хабарлады.

«Қытай тарапы АҚШ-тың қытайлық өнімдерге қосымша тарифтер енгізуіне әрдайым қарсы ұстанымда болғанын және бұл мәселе бойынша бірнеше рет наразылық білдіргенін жеткізді», - деді Қытайдың Сауда министрлігінің өкілі.

Әлемдік Сауда Ұйымы (ӘСҰ) АҚШ-тың 301-бөлімге сәйкес Қытайға қарсы енгізілген тарифтерінің ӘСҰ ережелерін бұзатынын анықтағанымен, АҚШ қате бағытты ұстана отырып, тарифтерді арттыруын жалғастыруда, деп атап өтті министрлік өкілі.

Оның айтуынша, АҚШ-тың мұндай тарифтік шаралары сауда тапшылығы мен өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты мәселелерді шешудің орнына, АҚШ-тағы инфляцияның өсуіне, тұтынушылардың мүдделеріне нұқсан келтіруге және халықаралық экономикалық, сауда тәртібіне, сондай-ақ жаһандық өндіріс пен жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына айтарлықтай зиян тигізеді.

Қытай АҚШ-ты қате тәжірибесін дереу түзетуге және кейбір қытайлық тауарларға қосымша кедендік тарифтерді жоюға шақырды. Сонымен қатар Қытай өз құқықтары мен мүдделерін батыл қорғау үшін қажетті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.