Майотта Парижден 8 000 шақырым қашықтықта, Мозамбик пен Мадагаскардың арасында орналасқан
Францияның Майотта тұрғындары барлық дүние-мүлкінен айырылды: француз аралына Шидо циклоны ауыр зардабын тигізді. Желдің екпіні сағатына 226 шақырымға дейін жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
Майотта аралына соққан Шидо циклонының салдарынан кем дегенде 14 адам қаза тапты. Ресми тұлғалардың айтуынша, бұл Үнді мұхитындағы аралға соққан соңғы 90 жылдағы ең қуатты дауыл болды.
Францияның метеорологиялық қызметінің мәліметінше, желдің жылдамдығы сағатына 220 шақырымнан асқан. Дауыл аралдың 300 000-нан астам тұрғыны бар үйлердің шатырын жұлып әкетті. Майотта Парижден 8 000 шақырым қашықтықта, Мозамбик пен Мадагаскардың арасында орналасқан.
Мемлекеттік қызметтер, полиция және жандармерия бұрын-соңды болмаған ауқымда жұмылдырылып, барлық дүние-мүлкінен айырылған тұрғындарға көмек көрсету және ұрлық болдырмау шаралары жүргізілуде.
Францияның қарулы күштер министрі Себастьен Лекорню X платформасында Майоттаға көмек жүгі тиелген ұшақ жіберілетінін мәлімдеді.
Францияның көлік министрі Франсуа Дюроврэ Майотта әуежайының қатты зақымданғанын, әсіресе диспетчерлік мұнараның бүлінгенін хабарлады.
Mayotte la 1ere жергілікті телекомпаниясы мыңдаған үйдің электр қуатынан ажыратылғанын, шағын ғимараттардың қиратылғанын және көптеген ағаштардың құлағанын мәлімдеді.
Майотта – Францияның ең кедей департаменті. Халқының үштен бірі лашықтар мен темір үйлерде тұрады.
Париждің бұл аумақтағы егемендігін Комор аралдары даулауда.
Сондай-ақ Майотта ұзақ жылдар бойы миграциялық дағдарысты бастан өткеруде.