Оралдағы мектеп оқушысының буллингке ұшырауы: балалар омбудсмені үн қатты

Автор: Дәулет Ботагөз

Орал қалалық білім беру бөлімі бұл оқиғаның мектепте болғанын растады

Фото: © istockphoto.com

Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Орал қаласындағы 10 жастағы оқушы қызды сыныптастарының ұрып-соғу оқиғасы бойынша істі қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Динара Закиева бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жазды.

«Орал қаласында 10 жастағы қызды сыныптастарының ұрып-соғуы бойынша. Облыстық прокуратурамен байланысып, істі қайта қарау туралы сұрау жібердім. Сонымен қатар қыздың анасына қажетті көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша хабарластым», – деп жазды ол.

Бұған дейін Орал қаласының тұрғыны өзінің қызы мектепте буллингке ұшырап, сыныптастарының соққыға жыққанын айтқан болатын. Анасының сөзінше, оқиғадан кейін баланың көру қабілеті нашарлап, психологиялық жағдайы әлсіреген, әлі де басы аурып, жүрек айнуы мазалайды.

Орал қалалық білім беру бөлімі бұл оқиғаның мектепте болғанын растады, алайда буллинг фактісін жоққа шығарды. Динара Закиева бұл істің әділ қаралып, зардап шеккен оқушыға қажетті көмек көрсетілуін қамтамасыз етуге ниетті екенін жеткізді.