Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді
Қыс мезгілі басталғаннан бері Астанадан 79881 рейспен миллион текше метрден астам қар шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
14-інен 15 желтоқсанға қараған түнде қала көшелерінен қар мен мұзды жинауға 160-тан астам жол жұмысшысы мен 600-ден астам арнайы техника шықты.
14 желтоқсан күні қар полигондарына ауыр жүк көлікпен 803 рейс, 10152 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.
«Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие. Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды», - делінген хабарламада.