Қаза тапқан екі қыз 2008 және 2022 жылдары туған
Ақтауда екі баланы қағып кетіп, өлімге душар еткен Toyota Camry көлігінің жүргізушісіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
«Сот материалдарына сәйкес, оқиға биыл қыркүйек айында Ақтау қаласының Автодром ауданындағы жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Toyota Camry көлігі 2008 және 2022 жылдары туған екі қызды қағып кеткен. Екеуі де аурухананың реанимация бөлімінде көз жұмған», — деп жазылған материалда.
Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындады, бірақ бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап қатаң жаза тағайындауды талап етсе, прокурор айыпталушыны бес жылға бас бостандығынан айыруды және жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады.
«Судья айыпталушының жасаған ісіне өкініш білдіргенін және кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескерді. Жүргізуші Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі («Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру») бойынша кінәлі деп танылды», — деп жазады басылым.
Оған бес жылға бас бостандығынан айыру және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар айыпталушы қайтыс болғандардың отбасына әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық шығынды және шамамен 2 миллион теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.