Олар мемлекеттік материалдық резервке 6 млрд теңге шығын келтірген
Азық-түлік жеткізу бойынша жасалған алаяқтықтан мемлекетке 6 млрд теңгеден астам шығын келген. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Анар Жарова мәлімдеді, - деп хабарлайды LS.
Оның айтуынша, тауарлар мемлекеттік стандарт талаптарына сай болмаған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҰҚК-мен бірлесіп өткен жылдың басынан бері Мемлекеттік материалдық резерв комитетінің, оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың лауазымды тұлғаларына және жеткізуші компаниялардың өкілдеріне қатысты қылмыстық істі тергеуде. Криминалдық схема бойынша олар Мемлекеттік материалдық резервке мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес келмейтін азық-түлік өнімдерін жеткізген. Жалпы шығын сомасы 6 млрд теңгеден асты», - деді Жарова.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство өкілі қылмыстық жауапкершілікке барлығы 24 адамның тартылатынын, оның екеуі бұрынғы комитет төрағасы екенін айтты.
«Қазіргі уақытта тергеу аяқталды, қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр, Содан кейін сотқа жіберіледі», - деп сөзін түйіндеді Жарова.
Айта кетейік, Қазақстанда соңғы уақытта сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келген шығын өсуде. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында сыбайлас жемқорлық үшін жазаны қатаңдатуды талап еткен болатын.