Астана әкімдігі қайтыс болған әскери қызметкердің отбасын баспанасыз қалдырмақ болды

Автор: Асыл Арман

Отставкадағы әскери қызметкердің қызы Астана әкімдігін сотқа беріп, жеңіп шықты

Фото: istockphoto.com

Отставкадағы марқұм болған әскери қызметкердің қызы Астана әкімдігін сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, әскери қызметші 2015 жылы штаттың қысқаруына байланысты әскери қызметтен запасқа шығарылған.

«2023 жылы отставкадағы әскери адам қайтыс болды. Бір жылдан кейін оның қызы негізгі жалдаушысының қайтыс болуына байланысты Астана қаласының тұрғын басқармасы және тұрғын үй инспекциясынан пәтерді жекешелендіруден бас тарту алған. Ол мұндай шешімді сотқа берген», - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Жоғарғы сот мәліметінше, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 101-бабының 4-тармағына сәйкес, жекешелендіруге құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда бұл құқық қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне өтетіні тікелей көрсетілген.

«Апелляция бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісіп, басқарманы талап қоюшымен тұрғын үйді жекешелендіру туралы шарт жасасуға міндеттеді.

Сот актілері заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлайды Жоғарғы сот.