Бала бірден жансақтау бөліміне түскен
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Қазіргі уақытта бала ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар-онлайн сайтына сілтеме жасап..
Оқиға 8 желтоқсанда Екібастұз қаласындағы Машһүр Жүсіп көшесінде болған. Бала футбол алаңында ойнап жүргенде добы жылу құбырларының астына қарай домалап кеткен. Дәл осы жерде жылу құбырында жарылыс болған. Бала допты алмақ болып ыстық суға кіріп кеткен бе, әлде құбырлардың жанына жақындағанда ыстық су атқылаған ба, әзірге белгісіз.
Баланы жедел жәрдем алып кеткен. 103 қызметінің хабарлауынша, бала екі балтырынан күйік алған.
«2014 жылы туған бала 8 желтоқсан күні реанимациясы мен қарқынды терапия бөліміне түсті. Жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланды, реанимацияда болды. Сағат 15:00-де жалпы бөлімшеге ауыстырылды», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Жылу құбырындағы ақау жойылғанымен, жылу желісінің жекеменшік екені анықталды.
«Аталған ақау жеке кәсіпкер "Марунич" иелігіндегі желілерде тіркелген. Қаланың тұрғыны диспетчерлік қызметке жүгінгеннен кейін және жарылыс орны анықталған соң, "Екібастұз жылу желілері" ЖШС мамандары ақауды жойды. Қыс мезгілінде жылу желілері қауіпті нысандар қатарына жататынын еске саламыз», - деп мәлімдеді «Екібастұз жылу желілері» ЖШС өкілдері.