Құны 3,5 миллиард теңге болатын зауыт биыл ашылған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе қаласындағы болат құбыр шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кәсіпорын жылына 20 мың тонна өнім өндіреді. Құны 3,5 миллиард теңге болатын нысан биыл шілде айында пайдалануға берілген.
Зауыт құрылтайшысы Мирғали Бурбаевтың айтуынша, қазір өндіріс орнында құбырларды, металл әзірлемелерін дайындайтын қондырғылар іске қосылған.
Президентке зауытты дамытудың ұзақ мерзімді жоспары баяндалды. Кәсіпорын алдағы уақытта шығарылатын өнім түрлерін көбейтіп, цехтардың қуаттылығын арттыруды көздеп отыр.