Сонымен қатар ажырасқаннан соң жақсы қарым-қатынасты сақтап қалу әйелге байланысты екенін жеткізді
Айқын Төлепберген Youtube платформасындағы Зamandas подкастына берген сұхбатында Қанат Бейсекеевтің «Бірінші әйеліңе екінші рет тұрмысқа шығуға тыйым салғаның рас па?» деген сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұрын тыйым салғанмын. Белгілі бір уақыт өтсін, балалар өссін дедім. Қазір тыйым салмаймын. Қарым-қатынасымыз жақсы», — деді әнші.
Ол ажырасқан соң ерлі-зайыптылардың жақсы қарым-қатынаста болуы әйелге байланысты екенін айтты.
«Бірінші әйелім ақылды, дана адам. Ересек адам ретінде мұның өмір екенін түсінді, балаларды маған қарсы қойып ештеңеге қол жеткізе алмайтынын білді. Ажырасқан соң қолымда барын бірінші отбасыма қалдырдым. Жақсы ауданнан алған коттеджімді үлкен балама қалдырдым. Атакенттегі пәтерімді қызыма бердім. Бірінші әйеліме көлік алып бердім. Компания ашып бердім, ақша бердім. Әлі күнге дейін асырап келемін. Бұдан бас тартқан емеспін», — деді Айқын Төлепберген.
Сонымен қатар ол екінші рет үйленген кезінде оған қарсы айтылған хейт туралы пікір білдірді.
«Парақшама кіріп, пікір жазса, бұған дейін мені жақсы көріп келді деген сөз ғой. Шаруасы жоқ болса жаман емес пе? Ал ашуланса, кейін музыкамен оның бетін бері қаратып аламын, себебі жек көру де сезім», — деді әнші.