Ақмола облысында зейнеткер алаяқтарға 2 млн теңгеге жуық ақшасын аударған

Автор: Дәулет Ботагөз

Алаяқ өзін байланыс компаниясының қызметкері ретінде таныстырған

Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысында зейнеткер алаяқтардың құрбаны болып, 1,75 млн теңгесін жоғалтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sinegor.kz-ке сілтеме жасап.

«Целиноград ауданының тұрғыны алаяқтардың айласына түсіп, ірі көлемдегі ақшаны олардың есепшотына аударған. Сондай-ақ, өзінің жеке куәлігінің суретін жіберіп, биометриялық идентификациядан өткен. Белгісіз адам өзін байланыс компаниясының қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерге SIM-картаның қолдану мерзімін ұзарту қажет екенін айтқан. Артынша WhatsApp арқылы өзін сол компанияның менеджері ретінде таныстырған қыз байланысқа шығып, куәлік суретін жіберуді сұраған. Ол зейнеткерді видеобиометриядан өтуге сендіріп, SMS арқылы келген растау кодын алған», — деп жазады басылым.

Келесі күні өзін банк қызметкерімін деп таныстырған басқа адам зейнеткерге хабарласып, оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынған. Зейнеткер алаяқтардың сөзіне сеніп, 1,2 млн теңгені аударған. Кейін олар тағы 550 мың теңгені депозиттен аударуын сұраған.

Зейнеткер бұл әрекеттердің алаяқтық екенін кеш түсініп, полицияға жүгінген. Зейнеткер алаяқтарға жалпы сомасы 1 млн 750 мың теңге жіберген.