Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай жариялағаны үшін кешірім сұрады

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол ел тұрғындарына үндеу жасады

Фото: Yonhap

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль ел тұрғындарына үндеу жасап, әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Yonhap ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Президент бұл қадамға бару оңай болмағанын айтып, азаматтар алдында жауапкершілігін мойындады.

«Екінші рет әскери жағдай енгізілмейтінін уәде етемін. Бұл шешім азаматтарға алаңдаушылық пен қолайсыздық тудырғанын түсінемін және оған өкінемін», — деді ол өз сөзінде.

Юн Сок Ёль мұндай шешім қабылдауға шарасыздықтан барғанын атап өтті. Ол саяси және құқықтық жауапкершіліктен қашпайтынын айтып, өз партиясына елдегі саяси жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.

«Президенттік мерзім кезінде жағдайды тұрақтандыруға бар күшімді саламын және болашақта мұндай жағдай қайталанбайтынына сенемін»,  — деді ол.