Ол джи-джитсудан әлем чемпионы атанды
Алты жасында джи-джитсудан әлем чемпионы атанған Хадия Кунаеваға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хаты табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің сыйлығын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов табыс етті.
«Жастайынан осындай жоғары жетістіктерге жету – бұл табанды еңбектің нәтижесі. Жас спортшыны өзінің әкесі, жаттықтырушы, спортшы, «Sam Team» клубының негізін қалаушы Самат Кунаев жаттықтырады. Бір қызығы, әкесінің спортпен шұғылдануына омыртқа ауруы себеп болған және табанды жаттығулардың арқасында денсаулығын қалпына келтірген. Әкенің үлгісі балаларын шабыттандырып, бүгінде олардың барлығы спорт шеберлері.
Жеті баласының алтауы жекпе-жекпен айналысатын отбасы - спорттық тәрбиенің, тәртіптің және отбасылық құндылықтардың үлгісі. Хадияның алтын медалі - бұл сіздің отбасыңыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы.
Хадияға және жақындарына мықты денсаулық, жаңа жеңістер мен жетістіктер тілеймін!» - деп жазды Асайын Байханов.