Алматыда аттестат алатын түлектердің салтанатты жиыны өтетін болды

Автор: Azattyq Rýhy

Алайда жиынға қатысушылар саны 60 адамнан аспауы керек

Baq.kz

Алматыда мектеп бітіретін оқушыларға аттестат салтанатты түрде табысталады. Тек жиналушылар саны 60 адамнан аспауы керек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

11-сыныпты бітірген түлектерге аттестат табыстау шаралары 3-4 маусым күндері өтеді. Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, соңғы қоңырау өткізудің тәртібі бектілген.

«Линейкаларды тек бітіруші сыныптар үшін өткізу және оқушылардың арасындағы қашықтық кемінде 2 метрден кем болмауы тиіс. Аттесттарды тек сыныптар бойынша табыстау, бұл шараға оқушыларды, олардың ата-аналары мен педагогикалық ұжым өкілдерін қосқанда шамамен 60 адамға ғана қатысуға рұқсат етіледі», - деп мәлімдеді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қаладағы 205 мемлекеттік, 61 жекеменшік мектепте 261 мың оқушы оқиды. Жуырда 11 сыныпты бітіретін 9 299 балаға аттестат беріледі. Орта білім беру ұйымдарының басшыларына электронды журналдардағы бағаларды түзеуге үзілді-кесілді тыйым салынған. Ал, 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау қашықтан өткізіледі.

«Білім беру ұйымдарында оқу жылы 25 мамырда аяқталады. 9-11 сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау өткізілмейді. Негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектепті бітіргені жөніндегі аттестаттау ағымдағы бағалардың негізінде жүзеге асырылады. ҰБТ барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, әдеттегі дәстүрлі форматта өтетін болады», - делінген аталған хабарламада.

ҰБТ Алматыда 20 маусым мен 5 шілде аралығында 8 өткізу пунктінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып өткізілмек. ҰБТ-ға маусым айында 190 мемлекеттік және 49 жекеменшік мектеп қатысады. Білім грантына Алматы қаласы бойынша биыл 9047 түлек қатысады. Ал, оқушылар үшін жылдағыдай жаздық лагерлер жуық арада жұмыс істемейді.

«Коронавирус пандемиясы мен індетті әлі де жұқтыру қаупі сақталып отырғанын ескере отырып, жиын қорытындысында Алматы қаласының мектеп оқушылары үшін қала сыртынан да, мектеп жанынан да ешқандай лагерлерді ашпау жөнінде шешім қабылданды. 1 маусымнан бастап Алматыда 1-сыныпқа баратын жеткіншектердің құжаттарын қабылдау басталады. Ал, 15 мамырдан бастап дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияларға, лицейлерге құжат қабылдау басталды», - деді мектеп директорларымен өткен онлайн жиында басқарма басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы