Жаңаөзенде лудоман әйелімен жанжалдасқан соң тамағын тіліп, төртінші қабаттан секіріп кеткен (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Полиция қылмыстық іс қозғады

Фото: видеодан скриншот

Жаңаөзеннің «Самал» шағын ауданында 28 қараша күні кешке ер адам суицид жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Оқиғаның видеосын Lada басылымы жариялаған. 

Желіде тараған ақпараттарға сүйенсек, бұл адам алдымен әйелімен жанжалдасып қалған, содан екінші қабаттағы балконға шығып, тамағын кесіп жіберген. Кейін үйдің төртінші қабатына барып, секіріп кеткен. Екі аяғы сынған тұрғын ауыр жағдайда Жаңаөзен көпбейінді ауруханасына түскен.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Аталған факт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, жәбірленуші құмар ойындарға әуестенген. Тергеу жалғасуда, оқиғаның мән-жайлары анықталып жатыр», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті біздің редакцияға.

Қазір ер адам жансақтау бөлімінде жатыр.