«Күмәнім күшейді»: Ербаян Мұхтардың адвокаты дайын сараптаманы көре алмай, дабыл қақты

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол қылмыскерлер жазасы қала ма деп алаңдап отыр

Фото: Instagram/inga_imanbay

Әскерде жүріп, комаға түскен, қазір ауыр хәлде шетелде емделіп жатқан Ербаян Мұхтардың отбасына адвокат болған Инга Иманбай сарбаздың сараптамасы дайын болса да, құзырлы органдар оны бермей жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ербаянның ісі бойынша сараптама дайын. Бірнеше күннен бері жаңалығым бар деп жүргенім осы еді. Негізі, сараптама әлдеқашан дайын болған. Бірақ тергеуші оны екі күн бұрын ғана айтты. Ал, кеше сараптамамен танысуым керек еді. Мен тергеушіні келіскен уақытта күттім, ол қоңырауға жауап берген жоқ. Кеш болып кеткесін телефонына хабарлама жаздым. Жауабы маған сылтау, уақыт созу сияқты көрінді. Тергеуге қатысты күмәнім күшейді. Әйтпесе, дайын тұрған сараптамамен таныстырудың несі қиын? Сондықтан, іс бұрмаланып, кінәлілер, Ербаянды осы күйге жеткізгендер жазасыз қала ма деген күмәнім күшейді. Жағдайды осы жерге ашық жазып, тергеуден, құзырлы органдардан жауапты ашық талап етемін», - дейді Инга Иманбай.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Алматыдағы 5571 әскери бөлімнің ұлттық ұланында қызмет еткен Ербаян Мұхтар комаға түскен. Әскери бөлімдегілер оның әжетханада құлап, басын плиткаға соғып алғанын айтып, бұл оқиғаны жазатайым жағдай деп түсіндірген. Алайда туыстары бұған сенбейді.