Астана әкімдігі Жаңа жылда қаланы әсемдеу үшін 700 млн теңгеге жуық ақша жұмсайды

Автор: Асыл Арман

Қалада демалуға болатын 60-қа жуық орын ашылады

Фото: Астана әкімдігі

Астана әкімдігі жаңа жыл мерекесіне орай қаланы сәндеу үшін жарты млрд теңгеден астам қаражат бөлетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала әкімдігінің мәліметінше, елорданың 6 ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, сүйкімді шағын архитектуралық мүсіндер, фотоаймақтар және т.б. 60-қа жуық орын ашылады.

«Аудандарда әкімдік балансында бар шыршалар орнатылады. Көшелерді жаңа жылдық безендіру үшін былтырғы гирляндалардың, қондырғылардың және өзге де әшекейлердің бір бөлігі пайдаланылады. Қысқы демалысқа арналған бірқатар қоғамдық кеңістік арнайы тақырыптағы шағын архитектуралық нысандармен және жарық қондырғыларымен безендіріледі.

Нұра ауданында отбасыларға арналған қысқы ойын-сауық орталық саябақта, «Зеленый квартал» ТК, Үркер тұрғын алабы, Asia Park СОО жанында және «Астана Арена» стадионының аумағында ұйымдастырылады. Аудан аумағында тартымды орындар мен көшелердің безендірілуімен қатар, түнгі жарықтандырумен 40-тан астам шағын сәулет нысаны орнатылатын болады. Сондай-ақ, 4 мұз айдыны жұмыс істейді.

Биыл Алматы және Сарайшық аудандарында тұрғындар үшін қолайлы орындар мына мекенжайларда: Қазақ елі алаңы, Оқушылар сарайының аумағы, Президенттік саябақ, Триатлон паркі және «Sana» СК, сол сияқтыы тұрғын алаптардың қоғамдық кеңістіктерінде мұз сырғанақтары мен мұз айдындары орнатылады», - делінген әкімдік хабарламасында.

Аудандық әкімдіктер қысқы безендіру жұмыстарына шамамен 696,7 млн теңге бөлетін болады, оның ішінде:

  • Нұра ауданы – 79 млн теңге;
  • Сарыарқа ауданы – 110 млн теңге;
  • Алматы және Сарайшық ауданы – 165 млн теңге; 
  • Байқоңыр ауданы – 158,8 млн теңге;
  • Есіл ауданы – 183,9 млн теңге;

«Мұз айдындарын, слайдтарды, шағын архитектуралық мүсіншелерді, фотоаймақтарды және басқа элементтерді орнату бойынша монтаждау жұмыстары қараша айының ортасынан басталды. Бұл жұмыстар желтоқсанның екінші онкүндігінде кезең-кезеңімен аяқталады», - деп хабарлады Астана әкімдігі.