Экранда Украина туы пайда болған сәттің видеосы желіде тарады
Әлеуметтік желіде елордадағы «Астана Опера» театрының сыртындағы LED-экранда Украина туы бейнеленген сәттің видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнежазбаның астында «Хакерлер «Астана Операның» экранын бұзып алды» деп жазылған.
Алайда бұл ақпарат жалған болып шықты. Анықталғандай, экрандағы тудың бейнесі техникалық ақау салдарынан пайда болыпты.
«Керуен Медиа» директорының техникалық бөлім бойынша орынбасары Мұхтар Бекбосынов «ҚазТАГ» редакциясына экранда «Украина туының» қалай пайда болғанын айтып берді.
Оның айтуынша, бүгін сағат 16.30 шамасында «Астана Опера» театры жанындағы LED-экранда техникалық ақау шыққан.
«Соның салдарынан LED-экранда Ресей туы суретінің жоғарғы сегментіндегі кабель тұйықталып, ақ түс өшіп қалды. Осыған байланысты электр жүктемесі кезінде түс тоналдылығы өзгеріп, экрандағы бейне жарқырай түсті. Осылайша, ұялы телефонға түсіргенде қызыл түс көзге сары болып көрінген», - деді Мұхтар Бекбосынов.