Қазақстандағы ауыл мектептерінің интернеті Токиодан асып түсе ме? Бағдат Мусин жауап берді

Автор: Аян Бекжанұлы

Қазақстанда 900-ге жуық ауыл мектебінің интернеті жақсарады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстандағы ауыл мектептерінің интернет жылдамдығы 5 есе өспек. Бұрынғы цифрлық даму министрі, қазір «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин осылай деп сүйінші жаңалығын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Starlink-пен неліктен серіктес болуды ұсынғаным естеріңізде ме? Мұның себебі – көптеген мектепте интернет жылдамдығының сапасы сын көтермейтін. Нәтижесінде 1800 мектеп Starlink арқылы интернетке қосылды.

Дегенмен, қазір Қазақтелекомға келгелі әріптестеріммен барлық мүмкіндікті тексеріп көрдік. Келесідей шешім қабылдадық – жақын арада қосымша 828 мектепке оптика өткізетін болдық, жоба бойынша 222 шақырымға созылған желі салып, 329 мектепке оптика өткізіп қойғанбыз, ол үшін біздің техникалық блоктың қызметкерлеріне алғысым шексіз! Өйткені бұл шаруа 4 айдан аз уақыт ішінде іске асуда», - дейді Бағдат Мусин.

Ол сөзін жалғай отырып, 900-ге жуық интернеттің жылдамдығы 5 есе артатынын ерекше қозғап өтті.

«Бұдан бөлек, 891 мектепте қосымша ақысыз интернет жылдамдығын 5 есеге көтереміз. Қазір ЦДИАӨМ-мен арада жасалған келісім аясында мектептер 10 мбит/сек жылдамдықтағы интернетке қосылған, біз жылдамдықты 50 мбит/сек дейін көтереміз.

Біздің жоспар – барынша көп мектепті оптикамен қамту, қазіргі уақытта цифрлық инфрақұрылым шамамен 4 000 мектепті қамтып отыр. Әйтпесе болашақ ұрпақты оқыту үшін шетелдік операторларға жүгінуіміз керек болса, отандық телекомның бізге не қажеті бар? Мұны мен  министр болған кезде айтқанмын, қазір де сол пікірдемін», - деді «Қазақтелеком» басшысы.

Айта кетейік, Бағдат Мусин министр болып тұрған тұсында Астананың интернет жылдамдығы Токиодан алда екенін айтқан болатын.