Ол Қазақстанды әлемдік сахнада танытқан
Танымал виолончелист Болат Тыныбеков 39 жасында өмірден өтті. Оның қазасы туралы музыканттың әпкесі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Менің інім, танымал виолончелист Болат Тыныбеков дүниеден өтті. Соңғы уақытта сирек көріссек те, мен оның талантына таңдай қағатынмын. Оған қолымнан келгенше қолдау көрсетуге тырыстым», - деп жазды марқұмның әпкесі Айжан Түгелбаева.
Болат Тыныбеков — қазақстандық виолончелист және вокалист, Корольдік музыка колледжінің түлегі, халықаралық конкурстардың лауреаты. Ол Қазақстан мен Еуропада белсенді концерттік қызмет жүргізіп, өз елін әлемдік сахнада танытқан талант иесі.
Ол 1985 жылғы 24 шілдеде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық орта мамандандырылған музыкалық мектебін бітірген.
Ол соңғы рет өзінің Instagram-дағы парақшасында 27 қараша күні «Эннио Морриконе» концерттік бағдарламасында өнер көрсететінін жария етіпті.