Кәмелетке толмаған балаларын түнгі уақытта көшеге жіберген ата-аналар әкімшілік жазаға тартылады
Павлодарда жол апаты болып, 16 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Тағы екі жеткіншек ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, апат 24 қарашада сағат 03:10 шамасында болған.
«Mercedes жүргізушісі Назарбаев даңғылымен жүріп келе жатып, жылдамдықты асырып, тайғанап кеткен. Содан бордюрге шығып кетіп, ақырында ағашқа соғылып тоқтаған. Жүргізуші мен үш жолаушы ауруханаға жатқызылды. ЖКО фактісі бойынша тексеру жүргізілуде», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шакеневаның айтуынша, үш жолаушы да жасөспірім.
«19 жастағы жүргізушінің басқаруындағы көлікте үш кәмелетке толмаған бала болған. 16 жастағы бір жолаушы қайтыс болды. Екіншісі – 15 жаста, өте ауыр жағдайда, оған операция жасалды. Тағы бір 15 жастағы жолаушы мен жүргізуші жарақат алып ауруханаға жатқызылды», - деп түсіндірді Шакенева.
Уәкілдің айтуынша, жасөспірімдер көлікте ересектерсіз жүрген, мұның өзі заңды өрескел бұзуға жатады.
«Бұл ЖКО үшін зардап шеккен балалардың ата-аналары жауапты. Кем дегенде, олар кәмелетке толмағандарды кешкі сағат 23.00 - ден кейін үйден тыс жерде ұстағаны үшін әкімшілік жазаға тартылады», - деп атап өтті Сәуле Шакенева.