Сотта тараптар өзара келісімге келді
Жамбыл облысы Жамбыл аудандық соты интернеттегі жарнама арқылы жүргізуші куәлігін аламын деп алаяққа тап болған әйелдің арызы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2023 жылдың тамыз айында талап қоюшы OLX.kz сайтына орналастырылған «Жүргізуші куәлігін алуға көмектесеміз» деген хабарландыруға қоңырау шалған. Ұсынылған қызметтің құны 150 мың теңгені құраған. Әйел алдын ала төлем ретінде 55 мың теңге, кейін қосымша 45 мың теңге аударған. Бірақ уәде етілген қызмет көрсетілмеген.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына сәйкес, қаражат аударылған Kaspi банк шоты жауапкердің атына тіркелген. Осыған сүйеніп, талап қоюшы төленген соманы қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінген. Сот отырысында судья тараптарға татуластыру рәсімінің артықшылықтарын түсіндіргеннен кейін, олар өзара келісімге келді. Нәтижесінде, жауапкер талап қоюшыға барлық қаражатын қайтарып берді, ал талап қоюшы өзінің арызынан бас тартты», - делінген хабарламада.
Шешім заңды күшіне енді.