Зардап шеккен келіншек арызының қараусыз қалғанын айтты
Өскемен қаласының тұрғыны полиция қызметкері тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы шағым түсірді. Бұл туралы белгілі журналист Гүлмира Әбіқайға келіп түскен хатта айтылды. Хат иесі 9 айға созылған қиындықтарды баяндап, құқық қорғау органдары тарапынан әрекетсіздікке тап болғанын мәлімдеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Автордың айтуынша, күйеуі полиция қызметкері ретінде қызметтік жағдайын пайдаланып, зорлық-зомбылық көрсетіп қана қоймай, арыз беру мүмкіндігінен айыруға тырысқан.
«Мен ол адаммен 9-10 ай бірге тұрдым. Осы уақыт аралығында ол мені ұрып-соғып, қорқытумен болды. Арыз берсем, оны ешкім қабылдамайтынын және өзіме жаман болатынын айтты», – делінген хатта. Той болмады, тек құдалық қана өткізілді. Осы 9 ай ішінде ол мені ұрып-соғып, қорқытып ұстады. Менен ақша талап етті: "Қайдан тапсаң, одан тап, маған ақша тауып бер" деп бұйыратын. Өзі СОБР қызметкері ретінде нарядқа түсуі керек қой, бірақ ол нарядқа баратын күндері жұмыста емес, қыдырып немесе достарымен жиналып ішіп жүретін. Бір күні үйге өзінің рота командирін мас күйінде әкеліп, үйге кіргізіп жіберді. Сол күні мені қатты қорқытып, аяусыз ұрып-соғып, үйден шығармай қойды», - делінген хатта.
Зардап шегуші осы жылдың тамыз айында ол адамнан кетіп қалғанын айтты. Алайда сол сәтте күйеуінің анасы араша түсіп, келінінен кетпеуін өтінген екен.
«Анасының ұлына жазған дыбыстық хабарламаларын тыңдағанымда, бұл адамның анасына да қол көтергенін білдім. Осы оқиғалардың барлығын, дәлел ретінде анасының жазғандарын, қай күндері ішіп келіп, нарядта болған кезде маған қол көтергенін көрсетіп, Өскемен қалалық ПД УСБ-ға арыз жаздым. Бірақ олар тек "қарап жатырмыз" деп жай ғана жауап беруде. Бәлкім, өздерін әшкерелегісі келмейтін болар! Маған ол адам үнемі: "Сенен ешкім арыз алмайды. Генералдан бастап бәрі мені қорғайды" деді. Сол сөзі рас болып тұрғаны ғой сонда! Заң жоқ! Бізді қорғайтын ешбір құқық қорғау орындары жоқ болып тұрғаны ғой сонда», - деп жазды автор.