Велоспорт федерациясының су жаңа президенті алдағы жоспарымен бөлісті
Жақында ғана Қазақстанның велоспорт федерациясының президенті болып сайланған Нұрлан Смағұловтың алдағы басты жоспары - еліміздегі балалар мен жасөспірімдер велоспортын дамыту екен. Бұл туралы ол Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Әуесқойлардың қызығушылығын оятып, велоспортты қазақстандықтар арасында танымал етуіміз керек. Федерация басшысы ретінде алда осы бағытта жұмыс істеймін. Ал жаңа чемпиондар қаладан емес, ауылдан шығады. Біз соларды тауып, барлық мүмкіндікті беруіміз керек», - деді ол.
Смағұлов федерацияға келген он күннің ішінде қандай жұмыс бітіріп үлгергенін де айтты.
«Федерация атқару комитетінің екі отырысын өткіздік. Жаңа офис орналасатын жерді анықтадық. Келер жылдың жұмыс жоспарын, бюджетін бекіттік. Қазір велоспорттағы жағдайымыз жаман емес, командамыз әлемде он алтыншы орында тұр», - деді.
Айта кетейік, Нұрлан Смағұлов – белгілі қазақстандық кәсіпкер, Құрамына «Астана Моторс» компаниясы мен «Мега» ойын-сауық орталықтары желісі кіретін «Astana Group» холдингінің иесі. Еліміздегі Forbes байлар рейтингінде 10-орында тұр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан