Ол жәбірленушіні қауіпсіздік белдігімен буындырып өлтірген
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында пайдакүнемдік ниетпен жасалған адам өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталушы У. жәбірленуші С-ке шабуыл жасап, оның мойнына қауіпсіздік белдігін байлап, тұншықтыру арқылы 150 мың теңгелік алтын алқасын және Toyota Camry автокөлігін тартып алған. Зардап шегушіні өлтіру мақсатында әрекетін жалғастырған ол жәбірленуші өмір белгілерін көрсетуді тоқтатқаннан кейін ғана белдікті босатып, қылмысын жасыру үшін мәйіттің бетін пышақпен кесіп, ауылдық жол маңындағы бұталарға тастап кеткен.
«Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің, сарапшылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді тінту және қарау хаттамаларымен, сараптамалардың қорытындыларымен және алынған заттай дәлелдемелермен расталады. Сот сотталушыға жеңілдететін мән-жайлар ретінде соттылығының жоқтығын және жас балалардың болуын назарға алды. Қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық жасау сот ауырлататын мән-жай деп таныды. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сот полиция департаментінің басшылығына тиісті шаралар қолдану туралы жеке қаулы шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.