Каспий жағалауынан бір ай ішінде 2000-ға жуық итбалықтың өлексесі табылды

Автор: Дулат Асель

Мамандардың сөзінше, итбалықтардың қырылуы 2000-жылдардан бері мерзімді түрде тіркеліп келеді

Фото: istockphoto.com

2024 жылдың 24 қазаны мен 18 қарашасы аралығында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы аумағынан 1155 итбалықтың өлексесін тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

«18 қараша күні комиссияның қатысуымен Маңғыстау облысы жағалауы – Құлалы, Морской, Подгорный, Новый аралдары, сондай-ақ Қаражанбас пен Қаламқас аудандарына әуе бақылауы жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде аталған аумақтан тағы 834 итбалықтың өлексесі табылды. Визуалды тексеру кезінде барлық өлекселердің қатты шірігені анықталды, сондықтан патологиялық материал алу мүмкін болмады. Осылайша, 2024 жылдың 24 қазаны мен 18 қарашасы аралығында барлығы 1989 итбалықтың өлексесі табылған», – деп хабарлады инспекция өкілдері. 

Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанованың айтуынша, теңіз жануарларының қырылуына теңіз ортасының ластануы ықпал етуі мүмкін. Ал Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері итбалықтардың қырылу себептері табиғи құбылыстар – су астындағы жер сілкіністерінен туындаған табиғи газдардың бөлінуі болуы мүмкін екенін айтты. 

«Ғылыми ұйымдар итбалықтардың ішкі ағзаларынан, тістерінен және тері астындағы майынан зертханалық сараптама үшін ішінара үлгілер алды. Итбалықтардың қырылу себептері зертханалық зерттеулер аяқталғаннан кейін белгілі болады. Ғылыми ұйымдардың пікірінше, бұл зерттеулер 3-4 айға созылуы мүмкін», – деді инспекция өкілдері. 

Сондай-ақ инспекция қызметкерлері өлекселердің жағалауға теңізден соққан күшті желдің әсерінен шығарылғанын айтты. Мамандардың сөзінше, итбалықтардың қырылуы 2000-жылдардан бері мерзімді түрде тіркеліп келеді. 

«Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті инспекциясының қызметкерлері патологиялық материалдардың үлгілерін алып, Астанадағы Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықта инфекциялық ауруларға тексеруде. Алынған үлгілер пастереллез, құс тұмауы, жыртқыштар обасы, сальмонеллез және листериозға зерттелді. Барлық сынаманың нәтижесі теріс болып шықты. Қазіргі уақытта қосымша зерттеулер жүргізіліп жатыр, олардың ұзақтығы шамамен 10 күнді құрауы мүмкін», – деп түсіндірді инспекция өкілдері.