Қызылжарлық кәсіпкер маман тапшылығынан экспортқа өнім шығара алмай отыр
Өндіріс орны өз жүктемесінің 60 пайызын ғана орындап отыр
Солтүстік Қазақстан облысындағы «Левин» ЖК ағаштан жиһаз жасайды. Өз өнімдерін негізінен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жөнелтеді. Серіктестік басшылығы ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмай отырғанын айтады, басты себеп – маман тапшылығы.
ТҰТЫНУШЫЛАР ТАПСЫРЫСТЫ ЕКІ АПТА КҮТЕДІ
«Левин» ЖК 1992 жылы ашылған. Цех Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында орналасқан. Бүгінде ұжымда 70-тен астам адам еңбек етіп жүр. Кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, тауарды экспортқа шығара алмай отыр. Оның себебі – мамандардың тапшылығы. Ұжым басшысының айтуынша, жиһаз цехы жұмысшыларының орташа жалақысы 102 мың теңге. Тәжірибелі мамандар айына 200 мың теңгеге дейін алады.
«Бізге қолы қарулы, қимылы ширақ жігіттер керек. Біз ешкімнен диплом сұрамаймыз. Ниеті болса, өзіміз-ақ үйретіп алуға дайынбыз. Тек қазіргі жастар жұмысшы мамандықтарды таңдағысы келмейді. Тәлімдемеден өтуге келеді, бірден бастық болып, креслоға жайғасқысы келеді. Көп шыдамайды, кетіп қалады. Ал 50-ден асқан азаматтар үшін жиһаз жасап үйрену тіпті қиын. Көбі бұл кәсіпті меңгере де алмайды. Жұмысшы алатындығымыз жайында хабарландыру береміз. Бірақ пайдасы шамалы. Біз ішкі сұранысты қамтамасыз етіп үлгермей жатырмыз. Тапсырыс берушілер өнімді екі апта бойы күтуге мәжбүр. Ал бүгінгі нарықтың сұранысы басқа», - дейді «Левин» ЖК директоры Елена Левина.
Жиһаз цехы биыл ағаш бұйымдарды жасауды айтарлықтай жеңілдететін роботтар сатып алыпты. Адамның металл серіктері өндіріс көлемін 30 пайызға арттыруға септескен. Техника белгіленген бағдарламаны тиянақты орындайды. Соның өзінде жұмыс күші тапшы.
«Роботтардың артақшылығы көп. Олар өз міндетін мінсіз орындайды. Адамның қолы қателесуі мүмкін. Техника біз күткен нәтижені береді. Сапасы жақсы. Жылдамдығын да атап өтуге болады. Адамнан әлдеқайда көп жұмыс тындырады», - дейді директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Евгений Лиценбергер.
Петропавл қаласында ағаш шеберлерін дайындайтын колледждер бар. Алайда оқу орындары ішкі сұраныстың өзін қамтамасыз ете алмай отыр.
ҚАЙЫҢ – ОТЫН ЕМЕС
Солтүстік Қазақстан облысы қайыңды өлке. Сондықтан жиһаз цехы үшін шикізат тапшылығы жоқ. Негізінен, үстел мен орындықтар шығарылады. Барлығы қайыңнан жасалады.
«Көпшілік қайыңды отын ретінде ғана пайдалануға болады деп ойлайды. Шын мәнінде ,ол өте жақсы материал. Тауардың құны шикізатқа тәуелді. Еменді жылдар бойы өсіріп, одан өнім жасау мүлде тиімсіз. Бағасы шарықтап шыға келеді. Ал қайың тез өсіп-өнеді. Дұрыстап өңдесе, сапасы еменнен кем түспейді. Біздің цехтың жұмыс істеп жатқанына 30 жыл болды. Тұтынушыларымыз «мына орындықты алғанымызға 10 жыл болып еді, үстіндегі матаны ауыстырып бересіздер ме?» деп келіп тұрғанда іштей қуанасың», - дейді кәсіпкер.
Шикізат қоры жеткілікті. Ал өндіріс орны өз жүктемесінің 60 пайызын ғана орындайды. Негізінен ағаш шеберлері жетіспейді.
ЭКСПОРТҚА ШЫҒУҒА МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ КЕДЕРГІ
Тұрақты клиенттер үшін орындықтың ең арзаны – 8500 теңге. Цех қазіргі ұжыммен тәулігіне 36 бұйым шығаруға қауқарлы. Директор мұның тым аз екендігін айтады. Елена Владимировна Ресей тарапымен бірнеше айдан бері келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтады. Көршілес мемлекет жергілікті өнімді сатып алуға ниетті. Алайда нақты келісімшарт жоқ. Себебі ,өндіріс орны көп көлемде тауар шығара алмайды.
«Маман тапшылығы ғана емес, өндірістік ғимарат мәселесі де бар. Көп өнім шығару үшін қондырғыларды, шикізатты, дайын өнімді орналастыратын жер қажет. Бізде ол жоқ. Жанымызда тұрған учаске «Иволга» серіктестігіне тиесілі. Бірнеше жылдан бері бос тұр. Келіссөз жүргізбек болып көріп едік, 300 миллион теңге сұрады. Ол өте қымбат. Шын мәнінде, жер учаскесі осыншалық тұрмайды. Біз оған бар қаражатымызды жұмсасақ, айналымда ештеңе қалмайды. Банкротқа ұшыраймыз. Егер жер мәселесі шешілсе, ұдымға тағы 70 ажам қажет болады», - дейді Левина.
СӘННЕН ШЫҚҚАН ЖИҺАЗҒА СҰРАНЫС ЖОҚ
Жиһаз өндірісі сапамен қатар, сәнді де қажет етеді. Тұтынушылардың талабы мен талғамы күн сайын өзгеретін уақытта сұранысқа ие болу оңай емес.Сондықтан Елена Левина жиһаз нарығын назарда ұстап, түрлі халықаралық көрме,конференция сынды түрлі жиындарға қатысып тұратынын айтады.
«Біз жиһаз шығарғанда ең бастысы, адам үшін ыңғайлы етуге күш саламыз. Адам тамақ ішкенде орындыққа отырады. Оның арқалығы дұрыс болмаса – асқазан қысылып, жұмысына кедергі болады. Омыртқа жотасына да зақым келеді. Біз осының барлығын ескеріп, есептеп аламыз. Жиһаз адамға зиян келтірмей жайлы болуы қажет», - дейді цех директоры.
Жеке кәсіпкер облыс орталығын абаттандыруға үлес қосып, шағын сәулет ескерткіштерін жасауды қолға алмақшы. Әзірге ертегі кейіпкерлері мен аң-құстардың мүсінінің алғашқы нұсқалары әзірленген. Егер сұраныс болса, бұл саланы да дамытпақ ниетті.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО