Алматы қаласында атқарылып жатқан іс-шаралар ашықтық қағидатына негізделген
Алматыда экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде белсенді түрде жүзеге асырылуда. Қала тұрғындарының экологиялық жағдайға, қоғамдық қызметтер сапасына қатысты пікірлері мен ұсыныстары ескеріліп, олардың қатысуымен түрлі шешімдер қабылданады. Мысалы, қоршаған ортаны қорғау шаралары, қалалық көлік инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік мәселелер бойынша ашық тыңдаулар мен қоғамдық қабылдаулар өткізіліп, халықтың пікірлері мен талаптарына сай шешімдер қабылданады. Бұл тәсіл қоғамның әрбір мүшесінің дауысын ескеру арқылы әлеуметтік әділдік пен экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Azattyq Rýhy Алматы қаласында экологиялық, әлеуметтік салаларда атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.
Қаланың экологиялық жағдайы да қоғам үшін маңызды. Алматыда экологиялық проблемаларды шешуге арналған бірнеше бастама бар. Тұрғындардың бұл мәселеге қатысты ұсыныстары мен шағымдары жиі көтеріліп келеді.
Жасыл қала жобалары. Алматы әкімдігі қала тұрғындарының экологиялық мәселелеріне мән бере отырып, «Жасыл қала» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба аясында қалада көпжылдық ағаштар отырғызылып, экологиялық таза аймақтар қалыптастырылады. Алматының тұрғындары бұл жобаны қолдап, қала аумағындағы жасыл белдеулер мен саябақтардың кеңейтілуіне үлес қосып жүр.
Сол сияқты Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» жыл сайынғы акциясы аясында қаланы көгалдандыру мен жасыл қорды сақтауға бағытталған бағдарламасын тоқтаусыз жалғастырып келеді. Ал жуырда көпқабатты үйлердің аулалары мен қоғамдық орындарын көгалдандыру мақсатында қала тұрғындарына жапырақты ағаш көшеттері тегін беріледі.
Жасыл желектерді биологиялық өңдеу. Қалада ағаштар мен бұталардың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін бірнеше тур бойынша биологиялық өңдеу жүргізіледі. Бұл жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін маңызды іс-шаралардың бірі. Биыл биологиялық өңдеу төрт кезеңге бөлініп жүргізіледі. Қаланың алғашқы үш кезеңі сәуірден тамызға дейін өтті. Төртінші кезең 15 тамызда басталып, ауа райына байланысты 20 қыркүйекке дейін жалғасады.
Өткен жылдан бастап монофаг зиянкестеріне тиімді әсер ету үшін бірінші кезеңде (вегетацияның басында) еменге төрт рет және терекке екі рет өңдеу жүргізіледі. Бұрын вегетациялық кезеңнің басында өсімдіктер бір ғана рет биологиялық қорғаудан өтетін, алайда бұл жиілік монофаг зиянкестерін бақылау үшін жеткіліксіз болатын.
Жұмыстарда климаттық жағдайларды ескере отырып, Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілген, адамдарға, құстар мен жануарларға зиянсыз сертификатталған биологиялық препараттар қолданылады. Жапырақ жейтін зиянкестер мен зең ауруларының қоздырғыштарына қарсы емдеу 2,3 миллионнан астам ағашты қамтуы жоспарланған. Емдеу жұмыстары зиянкестер мен аурулардың биологиялық ерекшеліктеріне байланысты түнде және таңертең жүргізіледі.
Алматы аумағында жасыл желектің күтіп-баптауына, оларға себілетін дәрілердің құрамына дейін толық ақпараттандырылып отырады. Бұл да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келетін жұмыс екені анық.
Қоғамдық тыңдаулар мен экологиялық білім беру. Алматыда өтетін қоғамдық тыңдаулар жергілікті қоғамдастықтың экологиялық мәселелері бойынша пікірін білдіруге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар қаланың ауасын ластау, су ресурстарын қорғау және жасыл аймақтарды сақтау сияқты маңызды мәселелерді талқылауға арналады. Қоғамдық тыңдаулар экологиялық мәселелерді шешу ісіне жұртшылықты тартудың тиімді құралы болып саналады. Бұл тыңдаулар арқылы қала тұрғындары жергілікті билікке өз ойларын жеткізіп, экологиялық саясатқа ықпал ете алады. Алматыдағы экологиялық қозғалыстар мен үкіметтік емес ұйымдар осы тыңдауларды қолдайтынын жиі айтып жатады.
Экологиялық білім беру де қала үшін маңызды бағыт болып саналады. Алматының мектептерінде және жоғарғы оқу орындарында экологиялық сауаттылықты арттыруға арналған түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып жатады. Мұндай бағдарламалар балалар мен жасөспірімдерді қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға, табиғатты қорғауға және тұрақты даму принциптерін ұстануға үйретеді. Сонымен қатар, экологиялық білім беру науқандары жергілікті тұрғындар арасында да өткізілуде. Бұл шаралар Алматы тұрғындарын экологиялық мәселелерді шешуде өз үлестерін қосуға шақырады, соның ішінде қоқысты дұрыс сұрыптау, энергияны үнемдеу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану сияқты маңызды дағдыларды меңгеруге бағытталған.
Әлеуметтік қызмет көрсету саласында да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша бірқатар шара қолға алынған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау. Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер жиі өткізіліп, олардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша жұмыс жүргізіледі. Қала әкімдігі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыру бойынша түрлі іс-шараларды жүзеге асырады. Оның аясында арнайы инфрақұрылымдар мен қоғамдық орындарда қажетті жағдайлар жасалуда.
Әлеуметтік қызметтерді цифрландыру. Алматыда әлеуметтік қызметтерді цифрландыру азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Жергілікті билік түрлі әлеуметтік қызметтерді онлайн форматқа көшіру арқылы халықтың уақытын үнемдеуді және қызметтерге қолжетімділікті арттыруды көздейді. Қазіргі таңда әлеуметтік төлемдерге өтініш беру, кезекке тұру, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастыру сияқты қызметтерді қашықтан пайдалануға болады. Арнайы цифрлық платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы тұрғындар қажетті құжаттарды онлайн түрде рәсімдеп, үйден шықпай-ақ қызмет ала алады. Бұл қала тұрғындарының, әсіресе, егде жастағы адамдардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге септігін тигізуде.
Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтерді цифрландыру Алматыдағы қоғамдық қолдауды одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді. Қаланың цифрлық экожүйесі азаматтардың жеке мәліметтерін қауіпсіз сақтауға, сұраныстарды жылдам өңдеуге және әлеуметтік көмек алу үдерісін барынша ашық әрі түсінікті етуге көмектеседі. Мәселен, жаңа жүйелер арқылы тұрғындар өз өтініштерінің мәртебесін қадағалап, қажетті қызметті алу үшін қандай қадамдар жасау керектігін алдын ала біле алады. Бұл әлеуметтік саланы басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік және жергілікті басқару органдарының жұмысын жеңілдетеді.
Қорыта келе айтар болсақ, Алматы қаласында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері мемлекеттік басқарудың басты элементіне айналып отыр. Тұрғындар өздерінің мәселелерін шешуге, қала инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік мәселелерді реттеуге белсене араласа алады. Мемлекеттік органдардың ашықтығы, әртүрлі платформалар арқылы жүргізілген диалогтар және қоғамдық пікірлердің ескерілуі Алматыдағы басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге және қаланы заманауи талаптарға сай дамытуға мүмкіндік береді.