Алматыда ерлі-зайыпты есірткі саудасымен айналысқан

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың нашақор екендігі де анықталды

Фото: Алматы ПД

Алматы қаласында есірткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыпты қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.

Олар есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және сол тектестерді, прекурсорларды жарнамалады деген күдікке ілінді.

«Жеке тінту кезінде ұсталғандардан аэрозоль бояуы, ұялы телефон, медициналық пипеткалар, есірткі сайттарының мекенжайлары жазылған трафареттер және басқа да «сурет салу» құралдары тәркіленді. Ұсталғандардың екеуі де нашақор екені және мефедрон қолданатындығы белгілі болды. Біраз уақыттан бері ерлі-зайыптылар ақшалай сыйақы алу үшін ғимараттардың қасбеттеріне есірткі жарнамаларын салып жүрген, сол үшін ұсталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Данияр Меңдебаев.

ҚР ҚК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.

ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.