Өскеменде тұрғын үйлерге жылу берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Шамамен 15 мың абонент жылусыз, ыстық сусыз қалған еді

Фото: © freepik.com

Өскеменде жылу магистраліндегі апат толықтай жойылып, шамамен 15 мың абонентке жылу мен ыстық су берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кеше бірнеше аудандағы тұрғындар жылу мен ыстық судан ажыратылған еді. Диаметрі 630 миллиметр болатын құбырдағы ақауды жоюға ұзақ уақыт қажет болды.

«Шығыс жылу» коммуналдық кәсіпорнының мамандары апатты сағат 23:00-ге дейін жоямыз деп жоспарлағанымен, бүлінген орынды табуға 9 сағат кетті. Жөндеу жұмыстары түні бойы жүргізілді. Құбырларды қалпына келтіру үшін 30 метр жер қазылып, 8 техника жұмылдырылды.

«Апат дәнекерлеу жігінің зақымдануынан болды. Оның себебін арнайы құрылған комиссия анықтайды. Жылу магистраліндегі құбырлардың жағдайы қанағаттанарлық, пайдалану мерзімі 10 жылды құрайды. Қазіргі уақытта барлық жұмыс толық аяқталып, үйлер мен нысандарға жылу берілді,» – деп хабарлады облыс әкімдігі.

Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып, үйлер мен әлеуметтік нысандардағы батареялар жылып, жылу режимі қалпына келтіріліп жатыр.