Ауыр жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынды
Атырау облысының Махамбет ауданында орналасқан ең ұзын көпірдің орта бөлігінде жарық пайда болуына байланысты ауыр жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың мәлімдеуінше, көпірдің жағдайы жақында ғана белгілі болған және қауіпсіздік мақсатында жедел шаралар қабылданған.
«Махамбет пен Жалғансай ауылдарын байланыстыратын бұл көпірдің орта бөлігінде жарық пайда болды. Осыған байланысты ауыр жүк көліктеріне көпірден өтуге тыйым салынды. Ал жеңіл көліктерге 20 км/сағ жылдамдықпен қозғалысқа рұқсат етіледі, себебі олардың салмағы көпірге қауіп төндірмейді. Тұрғындардан түсіністікпен қарауды және жол қозғалысы ережелерін сақтауды сұраймыз. Көпірде арнайы жол белгілері орнатылады», — деді әкім.
Нұрлыбаевтың айтуынша, көпірге техникалық тексеру жүргізіліп, жөндеу жұмыстарының көлемі анықталады. Бұл жұмыстар үшін сметалық құжаттама дайындалып, қаржы бөлу мәселесі қаралады.
2014 жылы құрылысы басталып, 2018 жылы пайдалануға берілген бұл көпір Атырау облысындағы ең ұзын көпір саналады. Оның ұзындығы — 860 метр, ені — 13 метр. Көпір 180 тоннаға дейінгі салмақты көтере алады.