Күдікті азаматтарға ақшаны көбейтуді және ұтыс ойындарына қатысуды ұсынған
Астана қаласының полиция қызметкерлері жаңа алаяқтық схеманы әшкереледі. Бұл іске қатысы бар деген күдікпен 18 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті интернетте тұрғындардың сеніміне кіру үшін арнайы хабарландыру орналастырған. Ол хабарландыруда азаматтарға ақшаны көбейтуді және ұтыс ойындарына қатысуды ұсынған.
«Қолданушы хабарландырудағы сілтемеге өтіп, «ұтыс ойыны» бетіне кірген. Оған белгілі бір ақша енгізу ұсынылған. Ақша енгізілгеннен кейін күдікті жәбірленушінің аккаунтын бұғаттап, ақшаны иемденген. Жәбірленушілер бұл алаяқтық екенін түсінген соң полицияға жүгінген», — деп жазылған хабарламада.
Алматы ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 18 жастағы күдікті ұсталды. Тергеу кезінде ол кінәсін толық мойындады.
Күдіктінің әрекетіне байланысты «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар тергеу барысында оның осындай сипаттағы тағы сегіз қылмысқа қатысы бар екені анықталды.
Полиция тұрғындарды интернетте күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және жеке мәліметтер мен қаражатты сенімділігі расталмаған адамдарға бермеуге шақырады.