Қар тазалауға 900-ден астам арнайы техника мен 250-ден астам жол жұмысшысы шықты
Астанада қар тазалау жұмыстары тәулік бойы күшейтілген режимде жалғасып жатыр. Қаланың коммуналдық қызметтері қарлы боранның салдарын жою үшін ауысымдық негізде жұмыс істеуге көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
16 қараша күні кешкі ауысымда қар тазалауға 900-ден астам арнайы техника мен 250-ден астам жол жұмысшысы шықты.
Тек осы күні 25 мың текше метрден астам қар 2009 жүк көлігімен қар полигондарына шығарылды.
Қыс маусымы басталғалы бері қала сыртына 342 мың текше метрден астам қар 26 мыңнан астам рейспен жеткізілді. Әкімдік мәліметінше, қар тазалау жұмыстары ең алдымен көлік қозғалысы қарқынды орындарда жүргізіледі. Бұл кептелістерді болдырмау үшін жасалады. Сонымен қатар вокзал маңдары, алаңдар, тротуарлар мен әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар қардан тазартылады.
«Бірінші кезекте жолаушылар тасымалы маршруттары, аялдамалар және орталық көшелер қардан тазартылады», — деп хабарлады әкімдіктен.
Қалада бірнеше арнайы қар полигондары жұмыс істейді. Олар жүк көліктерінің нөмірлерін тіркеу жүйелерімен жабдықталған, бейнебақылау камералары мен жарықтандыру жүйелері орнатылған.