Ресей Австрияға газ жеткізуін тоқтатты

Автор: Дулат Асель

2022 жылы Украинаға басып кіргенге дейін Мәскеу Еуропалық Одаққа газдың шамамен 40%-ын жеткізген

Фото: freepik.com

Ресейлік «Газпром» Украинаны басып өтетін құбыр арқылы Австрияға газ жеткізуді тоқтатты. Бұл шешім Австрияның ірі энергетикалық жеткізушісі OMV компаниясы 2022 жылдан бері жеткізілмеген газ бойынша арбитраждық сотта жеңіске жеткеннен кейін қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.

Австриялық OMV концерні «Газпромның» неміс бөлімшесіне газ жеткізбеуі бойынша 230 миллион еуродан астам соманы өндіріп алуды жоспарлап отыр. OMV бұл соманы «Газпром Экспортқа» Австрияға газ жеткізу келісімшарты бойынша төленуі тиіс төлемдер есебіне қосқысы келген. Ресей бұл жағдайға дереу жауап берді. 

Австрия канцлері Карл Нехаммер X әлеуметтік желісінде Венада «стратегиялық резерв» бар екенін және елдің газ қоймалары 93%-ға толы екенін мәлімдеді. 

Сонымен қатар, Украина Ресейдің соғысқа қаржы бөлуін тоқтату мақсатында «Газпроммен» транзиттік келісімді ұзартпайтынын хабарлады. 

2022 жылы Украинаға басып кіргенге дейін Мәскеу Еуропалық Одаққа газдың шамамен 40%-ын жеткізген. Қазіргі жеткізу көлемі айтарлықтай қысқарғанына қарамастан, Ресейден алынатын көгілдір отын ЕО газ қажеттілігінің бесінші бөлігін қамтамасыз етіп отыр. 

1968 жылдан бері алдымен Кеңес Одағымен, кейін Ресеймен жасалған келісімшарт бойынша Австрия Украина мен Словакия арқылы жылына 300 гигаватт-сағат табиғи газ алып келген еді.