Ауыр жүк көлігі айып тұрағына қойылды
Оралда ауыр жүк көлігі мектеп ғимаратына барып соғылды. Дәрігерлер жүк көлігінің жүргізушісі инсульт алғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті «Мой город» порталына сілтеме жасап.
БҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 14 қараша күні түнгі сағат 22.00 шамасында Оралдың орталығында болған. Ауыр жүк көлігі Мендалиев көшесімен келе жатып, алдымен HYUNDAI көлігіне соғылған. Оқиға түнгі уақытта болғандықтан мектеп аумағында ешкім болмаған.
«Ауыр жүк көлігінің 62 жастағы жүргізушісі Әзірбайжан азаматы екен. Ол рөлде отырған кезінде есінен танып қалған, ер адам нейроинсульт бөліміне жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша материал жиналды. Ауыр жүк көлігі айып тұрағына қойылды», - делінген ПД хабарламасында.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы ер адамның инсульт алғанын атап өтті.
«Жедел медициналық жәрдем бригадасы жүргізушіні қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізді. Содан кейін ол нейроинсульт бөліміне «тілден айырылу белгілері бойынша геморрагиялық типтегі ми қан айналымының жедел бұзылысы» диагнозымен жатқызылды, - дейді дәрігерлер.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, науқастың жағдайы ауыр.