Қанды оқиғадан отбасының үлкен қызы ғана тірі қалған
2023 жылдың 27 желтоқсаны күні Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында үлкен трагедия орын алды: жерлеу рәсімі бағытындағы бизнестің ақшасына құныққан әйел екі ер адамды арандатып, олар 17 жастағы ұл мен оның әке-шешесін айуандықпен өлтіріп кеткен. Отбасының тірі қалған жалғыз адамы - Татьяна Приходченко, ол марқұмдардың үлкен қызы. Қазір бұл қыз әке-шешесі мен бауырының өліміне кінәлі адам әділ жазасын алмағанына налып, шырылдап жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, әке-шешесінің жерлеу рәсіміне қатысты бизнесі болған. Бәсекелестері ерлі-зайыптылардың табысын көре алмаса керек, олар бұл отбасының тендерін тартып алмақ болған.
«2023 жылдың 27 желтоқсанында менің отбасымды өз үйімізде өлтіріп кетті. Бір мезетте ата-анам мен інімнен айырылдым. Бұл менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Тергеу мен прокурорлар күдікті адамдарды дұрыс тапты. Сотта іске қатысты дәлел мен айғақ жеткілікті болды. Алайда сот қосымша және кереғар дәлелдердің кесірінен арандатушыны ақтап отыр», - дейді Татьяна Приходченко.
Оның айтуынша, екі ер адам оның әке-шешесі мен бауырын бірінен соң бірі қастандықпен өлтірген.
«Әкем өлер алдында қатты қиналған. Қолдарының барлығы пышақпен тілінген, балғаның соққысынан кейін тұруға ұмтылған. Бірақ күші жетпеген. Анам күйеуінің қанға боялған бейнесін көрген. Ол оған көмектескісі келген. Оларды өлтіргендер үйден арандатып отырған әйелдің тендеріне қатысты құжаттар қайда деп сұраған. Анамның көзін байлап, өлтіре салған. Менің 17 жастағы інім өз өлімін сағаттап күткен. Ата-анамды өлтірген соң оның кезегі келетінін білген. Қылмыскердің біреуі өмір бойына сотталса, екіншісі 21 жыл 8 айға сотталды. Ал арандатушыға 3-ақ жыл берілген. Оның 1,5 жылын уақытша қамау изоляторында өтеп қойды. Осыған дейін Бишімбаевтың ісінде полицияға хабарламағаны үшін Байжановқа 4 жыл берді. Денис Тен ісінде 4 жыл берді. Бір адамға 4 жыл беріп отыр. Арандатқан әйел ата-анамның өлгенін бір тәулік бойы біліп жүрген. Сол үшін мындай шешім әділетсіз деп ойлаймын», - дейді Татьяна Приходченко.
Ол сот шығарған шешімді қайта қарап, арандатушының бабын өзгертпей, қылмыскердің мерзімін қысқартпауды сұрайды.
«Менің обасымды аса қатігездікпен өлтірген адамдар қоғамда еркін жүрмеуі керек», - дейді ол.
Айта кетейік, кісі өлтірген екі ер адамның біреуі - жерлеу ісімен айналысқан жеке кәсіпкер, екіншісі - оның жұмысшысы. Ал, арандатқан әйел қаладағы жерлеу компаниясының директорының орынбасары болған. 42 жастағы әйелге екі немесе одан да көп адамды өлтіруға арандатты деген айып тағылды.
Сот екі адамды кісі өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Судья Беккужинов қылмыскерлердің біреуін өмір бойына, екіншісін 21 жыл 8 айға, ал арандатушыны 3 жылға соттаған. Татьяна Приходченко бұл жазамен келіспей отыр.
«Мен және менің адвокатым қазірдің өзінде шағым түсірдік, біз үкімде қайшылықтар болғанын айтып отырмыз. Бүгін мен жергілікті БАҚ-тан әділдік сұрап, жұртшылық пен органдарға үндеу жариялауды өтіндім. Мен соңына дейін күресіп, Жоғарғы сотқа да арыз жазамын», - дейді Приходченко.