Астанада атышулы LRT-ның депосы салына бастады

Автор: Azattyq Rýhy

Депо аумағында пилотсыз пойыздарды басқару орталығы орналасады

Фото: «City Transportation Systems» ЖШС

Астанада құрылысы ұзаққа созылған LRT депосы салына бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

CTS компаниясының мәліметінше, ол Халықаралық әуежай маңайындағы 16,84 га аумақта орналасады. Депо LRT жүйесіне техникалық қызмет көрсету және басқару орталығына айналады.

«Депо ғимараттарының жалпы ауданы шамамен 80 мың шаршы метрді құрайды. Онда жылжымалы құрамға толыққанды техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін қажетті барлық нысандар орналастырылады.

Кешен вагондарды жуу ғимаратынан, қосалқы бөлшектер мен жабдықтар қоймаларынан, жолдарды жөндеуге арналған арнайы техника, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыруға арналған әкімшілік ғимараттардан тұрады», - делінген компания хабарламасында.

Депо аумағында пилотсыз пойыздарды басқару орталығы да құрылады. Автоматтандырылған басқару жүйесі қауіпсіздік пен тиімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ іске қосу, тежеу және станцияларда тоқтау сияқты процестерді автоматтандырып, адами фактордың әсерін барынша азайтады.

Эстакада бойынша негізгі құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты, қысқы кезеңде құрылыс технологиясына сәйкес, LRT жобасының жұмыстары депо құрылысына шоғырланады.