Павлодарда 30 рет ереже бұзған жүргізуші 2 млн теңгеден астам айыппұл арқалады

Автор: Azattyq Rýhy

Көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды

Фото: polisia.kz

Павлодар полицейлері қысқа мерзім ішінде жол ережесін 30 мәрте бұзған Мерседес маркалы автокөліктің жүргізушісін қолға түсірді. Көліктің өзі Ресейде тіркелгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Polisia.kz-тің жазуынша, жыл басынан бері жергілікті полицейлер айыппұлдарды уақтылы төлемегені үшін 42 автокөлікті ұстап, айыптұрақтарға қойған.

Мысал үшін Мерседес маркалы жеңіл көлік тізгіндеген жүргізуші қысқа мерзім ішінде жол ережесін шамамен 30 рет бұзған. Айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асты. Кейбір жағдайларда ол жылдамдықты шамадан тыс асырған. Өткен қазан айында жүргізуші Омбы тас жолындағы жылдамдық режимін бұзып, елді мекенде сағатына 93 километр жылдамдықпен жүрген, ал ол жерде 60 километр жылдамдықпен жүру ғана рұқсат етілген. Машинаның өзі Ресейде тіркелген. Көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Азамат барлық айыппұлдарды толығымен төлеуге міндетті,- дейді Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.