Бұдан бөлек 17 адам шығуға болмайтыны туралы бұлтартпау шарасы қолданылған
Алматы қаласында, сол сияқты Алматы және Ұлытау облыстарында діни-экстремистік әрекеттерді ұйымдастырды деген күдікпен 5 адам ұсталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҰҚК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұдан бөлек, тыйым салынған ұйымның әрекетіне қатысқандығы белгілері бойынша 17 адамға «шығуға болмайтындығы туралы қол қою» түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған.
Фигуранттардың тұрғылықты жерлерін тінту барысында діни әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер алынды.
«Аталған адамдардың төртеуі бұрын экстремистік қылмыстар жасағаны үшін сотты болған, ал тоғызына тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысуға жол берілмейтіні туралы ресми ескертулер берілген.
Қылмыстық кодекстің 405-бабы 1 және 2-бөліктері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген ҰҚК хабарламасында.