Қазақстанда жыл басынан бері иттердің көмегімен 3,5 мыңнан астам қылмыс ашылды (ВИДЕО)
Иттер екі миллионға дейін иісті ажырата алады

Елімізде қызметтік иттердің көмегімен жыл басынан бері 3,5 мыңнан астам қылмыс ашылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Иттің иіс сезу қабілеті адамға қарағанда әлдеқайда күшті. Олар екі миллионға дейін иісті ажырата алады. Бұл ерекшеліктер төрт аяқты көмекшілерді қызметтік-іздестіру жұмыстарында, яғни жоғалған адамдарды, есірткілер мен жарылғыш заттарды іздеуге қолдануға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта ішкі істер жүйесінде жүздеген ит қызмет етеді. Олардың едәуір бөлігі есірткі заттарын анықтауға үйретілген.
Айта кету керек, ит есірткі заттарын ғана емес, оларды қолданушыларды да анықтай алады. 10 айда қызметтік иттердің көмегімен 3,5 мыңнан астам қылмыс ашылды. 1200-ге жуық тексеру іс-шарасы өткізілді. Заңсыз айналымнан 4 тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 87 кг синтетика тәркіленді. Мұндай тексерулер әуежайларда, вокзалдарда және жолаушылар пойыздарында, сондай-ақ «Қазпошта» бөлімшелерінде тұрақты түрде жүргізіледі.