Іс-шараның екінші бөлімінде қатысушылар үшін мемлекеттік басқару академиясында ауылдық округ бюджетін қалыптастыру және пайдалану бойынша оқыту семинар-тренингі өткізілді
«AMANAT» партиясының бастамасымен Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында ауыл әкімдерінің басын біріктірген форум өтті. Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, облыс әкімі Ермек Көшербаев, аудандар мен қала әкімдері, басқарма басшылары мен барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары және 109 ауылдық окургтің әкімдері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыста алғаш рет ұйымдастырылған ауыл әкімдері форумының пленарлық отырысында аймақ елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін мәселелері, сондай-ақ «AMANAT» партиясының алда тұрған негізгі мақсат-міндеттері талқыланып, ауыл әкімдерінің атқарар жұмыстары сараланады.
«Ауыл әкімдерінің форумы қазіргі уақытта еліміздің барлық аймақтарында өтуде. Форумды ұйымдастырудағы басты мақсат – ауыл әкімдерінің жергілікті жерде халықпен қалай жұмыс жасау керектігіне бағыт-бағдар беру, жан–жақты әдістемелік қолдау көрсету. Себебі ауыл әкімдері сол жердегі Президенттің тікелей өкілі деуге болады. Халық ауыл әкімінің жұмысы арқылы Үкіметтің жұмысына баға береді. Біздің партиядан сайланған әр әкімнің сапалы жұмыс жасауына барынша қолдау көрсету бізге міндет. Ауыл әкімдерін бірлесе белсенді жұмыс жасауға шақырамын. Бүгінгі Форумда секциялық сесссияларда ауыл әкімдері өздерінің ұсыныстары мен өтініштерін айтып, өзекті сұрақтарды ортаға салуға мүмкіндік алды. Ауқымды іс-шараның нәтижесі ауыл әкімдерінің қажырлы қызметіне жаңа серпін береді деп ойлаймын», - деді «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы мәлімдеген болатын. Осы орайда, өңірде 2021 жылдан бері 124 ауылдық округ пен 2 ауданда әкімдердің сайлауы өтті. Халық таңдаған әкімдердің 114-і «AMANAT» партиясының мүшелері. Олардың қатарында Алтай және Глубокое аудандарының әкімдері де тікелей халық сайлауы арқылы тағайындалды.
«AMANAT» партиясы ауылдарды дамытуға баса назар аударуда. Атап айтқанда ауылдағы шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырып келеді. Аталған жоба аясында қазіргі таңда ауылдықтар 2,5 пайызбен несие алып өз кәсіптерін дөңгелетуде.
«Ауыл әкімдеріне арналған форумның ұйымдастырылуы өте маңызды деп есептеймін. Себебі біздер осындай келелі жиындар арқылы бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, ой бөлісуге мүмкіндік аламыз. Шалғайдағы ауыл әкімдерінің жұмысына әртүрлі бағыттар бойынша әдістемелік қолдау қашанда қажет. Бүгінгі жиында өз жұмысымды жүйелі ұйымдастырудың тағыда бір қырын игердім. Сондықтанда форум ұйымдастырушыларына алғыс білдіремін»,- деді Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылдық округінің әкімі Қанат Свенов.
Іс-шараның екінші бөлімінде қатысушылар үшін мемлекеттік басқару академиясында ауылдық округ бюджетін қалыптастыру және пайдалану бойынша оқыту семинар-тренингі өткізілді.