Ақпарат министрлігі балалардың интернеттегі әрекетін бақылауға арналған қосымшалардың тізімін жариялады

Автор: Оршыбекова Асель

Ведомство ата-аналарға үндеу жасады

Фото: istockphoto.com

Цифрлық технологиялардың дамуы мен интернеттің кеңеюі ақпараттық кеңістікті әртүрлі мүмкіндіктермен толықтыруда. Бүгінгі күні интернет – ақпарат алмасу мен ойын-сауықтың ортасы ғана емес, сонымен қатар білім мен қарым-қатынастың шексіз алаңы. Алайда, интернеттің үнемі дамып, кеңеюімен бірге оның қауіптілігі де арта түсуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Балаларды желідегі жағымсыз контенттерден қорғау және олардың онлайн әрекеттеріне қадағалау жүргізу – ата-аналар үшін маңызды мәселе.

Мемлекеттік органдар интернеттегі заңсыз әрекеттерге қарсы түрлі шаралар қабылдап жатқанымен, тек олардың күшімен бұл мәселені толық шешу мүмкін емес. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ата-ана тарапынан балаларды бақылауға арналған танымал қосымшалар тізімін ұсынады:

  • Kaspersky Safe Kids: сайттарды бұғаттау, геолокация, белсенділік туралы есептер.
  • Dr.Web Security Space: антивирус және ата-ана бақылауы, контентті сүзу.
  • Qustodio (Испания): контентті сүзу, экран уақытын шектеу, әлеуметтік желілерді бақылау.
  • Net Nanny (АҚШ): контентті бұғаттау, экран уақытын шектеу және орналасқан жерді қадағалау.
  • Norton Family: сайттарды сүзу, пайдалану уақытын шектеу және іздеу сұрауларын қадағалау.
  • Kidslox: экран уақытын шектеу, қосымшаларды бұғаттау және орналасқан жерді қадағалау.
  • Parental Control Kroha (Украина): қосымшаларды бұғаттау, веб-бақылау, белсенділікке мониторинг жасау.
  • Google Family Link: Android жүйесінде белсенділікті бақылауға арналған тегін қосымша. Ата-ана мен баланың құрылғыларына орнату қажет.
  • Kidlogger: белсенділікті қадағалауға мүмкіндік беретін пассивті бақылау.
  • Кірістірілген мүмкіндіктер: Android үшін Google Play арқылы, iOS үшін — геопозицияны қадағалау үшін «Экран уақыты» және «Орналасқан жерді анықтау».
  • TikTok Family Pairing: жасөспірімдердің TikTok қолдануын бақылау, экран уақытын шектеу және контентті сүзу мүмкіндігімен.