Қазақстан мектептеріне «сынып жетекші» деген бөлек лауазым енгізіле ме?

Автор: Аубакирова Нургуль

Министр сынып жетекшілігі үшін мұғалімдерге қосымша ақы төлеген тиімді дейді

Фото: istockphoto.com

Мектеп мұғалімдерін сынып жетекшілігінен босатып, «сынып жетекші» деген бөлек лауазым енгізу тиімсіз әрі көп қаражатты қажет етеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс кулуарында журналистер министрден «Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі сияқты басқа мектептерде де сынып жетекші деген бөлек позиция енгізіле ме?» деп сұрады.

«Назарбаев мектептерінде бұл өз нәтижесін берді, мен онымен танысып шықтым. Бірақ елімізде бар-жоғы 20 Назарбаев зияткерлік мектебі бар және оның мақсат-міндеттері мен бағытын жақсы білесіздер. Ал қарапайым мектептерді алсақ, көз алдыңызға елестетіп көріңізші, егер де сынып жетекшісі үшін арнайы бөлек бос орын болса, бізге қаншама маман қажет болады. 200 мыңнан астам сынып жетекші қажет болады. Екіншіден оларға жұмсалатын шығын 100 млрд теңге емес, 400-500 миллиардқа дейін баруы мүмкін. Себебі, сіз оларға 100-150 мың теңге төлемейсіз ғой, қолданыстағы заң аясында жоғары ақы төлеуіңіз керек. Қазір психологтардың жалақысын көтеру туралы мәселе қозғалып жатыр. Ертең тағы бір сондай проблемаға душар болмауымыз керек», - дейді Бейсембаев.

Үшіншіден, министрдің айтуынша, сынып жетекшісі баламен жиі қарым-қатынаста болуы керек.

«Егер мұғалім сабақ бермесе, ол оқушының қандай екенін, білім деңгейі қалай екенін қайдан біледі? Сабақ үстінде көрмегеннен кейін оқушыға қалай әсер ете алады деген сарапшылардың басқа да пікірі бар екенін айтқым келеді. Сондықтан да көптеген сарапшы бұл тиімді болуы үшін мемлекеттік деңгейде арнайы маман емес, сабақ беретін мұғалімдерге сынып жетекшілігі үшін қосымша ақы төлеу мәселесін күшейту әлдеқайда тиімді және дұрыс деген келісімге келіп отыр», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.