Атырауда білім беру және мектепке дейінгі ұйымдарда заң бұзушылықтар анықталды

Автор: Оршыбекова Асель

Мемлекет пайдасына 82 114 720 теңге айыппұл өндірілді

Фото: © istockphoto.com

Атырау қаласының прокуратурасы қадағалау аумағындағы білім беру және мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, тексеріс барысында санитариялық-эпидемиологиялық, өрт, медицина саласында заң бұзушылықтар анықталды.

«Атап айтқанда, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен 63 040 900 теңге  (14 жеке, 42 мем. мектеп / 30 жеке, 20 мем.балабақша), Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментімен  4 287 360 теңге (9 жеке, 2 мем. мектеп / 14 жеке, 8 мем.балабақша), Төтенше жағдай басқармасымен 1 218 360 теңге (3 жеке, 1 мем. мектеп / 20 жеке, 20 мем.балабақша), Білім саласында сапаны қамтамсыз ету департаментімен 11 795 940 теңге (12 жеке/ 47 мем.мектеп /11 жеке, 1 мем.балабақша), еңбек инспекциясымен 1 772 160 теңге (2 жеке мектеп / 4 жеке балабақша) айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Тексеріс қорытындысымен 260 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, нәтижесінде 51 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды және мемлекет пайдасына 82 114 720 теңге айыппұл өндірілді.

Сонымен қатар алаяқтық жолмен мемлекеттен заңсыз 16,5 млн теңге алған үш балабақша меңгерушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта көрсетілген сома мемлекетке толық қайтарылды.

Балалардың қауіпсіздігі және бюджет қаражатының мақсатымен жұмсалуы қала прокуратурасының басты назарында.