Министрлік қабылдаған қағида қазіргі уақытта тиімділігін көрсетіп келеді
Елімізде балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін шыңдауы үшін түрлі жағдайлар жасалып жатыр. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі өскелең ұрпақтың түрлі үйірмелерге жазылуына қолайлы болуы үшін қандай өзгерістер енгізді? Azattyq Rýhy осы тақырыпқа қысқаша тоқталып өтпек.
Енді бұрынғыдан да қолайлы болу үшін мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру және олардың қызмет көрсету қағидалары бекітілді. Министр бұл қағидаларды 2024 жылдың 14 мамырында қабылдады.
Осы қағидаға сай, шығармашылық үйірмеге қабылдау кезегі енді автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Министрлік мәліметінше, кезекте баланың және заңды өкілінің аты-жөні, шығармашылық үйірменің түрі, өтініш нөмірі мен секундына дейінгі уақыты, реттік нөмірі сияқты мәліметтер нақты көрсетіледі. Сонымен қатар, ақпараттық жүйе ұсынған орындар тізімін қамтиды.
Министр енгізген қағидаға сәйкес, баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып, әрбір үйірме үшін жеке кезек құрылатын болды. Осы тұста ерекше айта кетерлігі, заңды өкілдерінің өтініші бойынша тіркелген девиантты мінез-құлықты балаларға басымдық беріліп, бірінші кезекте қабылданады. Мәдениет және ақпарат министрі бұл ережелерді «Білім туралы» заңның 47-бабының 5-1-тармағына сәйкестендірді.
Сонымен қатар, түзетулер өтініштен бас тарту немесе ваучер алу жағдайларында балалардың кезектегі орнын өзгерту тәртібін айқындайды. Кезектегі орындар тек азаю бағытында немесе кері қайтарылған ваучерлер бойынша өсу бағытында жылжуы мүмкін, ал орындармен алмасуға рұқсат берілмейді.
Бұл өзгерістер ақпараттық жүйенің мүмкіндіктеріне сәйкес келтіру мақсатында енгізілді. Енді кезекке қою барысында баланың және заңды өкілінің аты-жөні, өтініш уақыты, үйірменің түрі және кезектегі реттік нөмірі ақпараттық жүйеде нақты көрініс табады.
Сондай-ақ, орындарды бөлу бойынша тізім жеткізушілерден алынған мәліметтер негізінде емес, ақпараттық жүйе ұсынатын деректер негізінде құралады. Нәтижесінде, кезек белгілі бір үйірме түрі үшін ғана жүргізіледі.
Бұл бұйрық 2024 жылғы 28 мамырдан бастап күшіне еніп, қазіргі уақытта тиімділігін көрсетіп келеді.