Олар конституциялық құрылымды құлатып, «шариғат» нормаларын енгізбек болған
Кентау қаласында «Хизб-ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының жасырылған тобы қолға түсті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл ұйымның идеологиясы елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып, «шариғат» нормаларын енгізуге бағытталған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында топ мүшелерінің терроризм идеяларын насихаттау, сондай-ақ діни көзқарасты қорлау фактілері анықталды.
Топ мүшелері «Хизб-ут-Тахрир» шетелдік радикалды уағызшыларының дәрістерін алу және тарату үшін интернет-ресурстарды пайдаланған.
Топ жетекшісі осыған дейін тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған. Жүргізілген шаралар нәтижесінде 10 күдікті ұсталды.
Олардың тұрғылықты жерлерін тінту кезінде діни-экстремистік әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.