Науқастардың айтуынша, су берілмегеніне екі күн болған
Ақтаудағы перзентхана мен балалар жұқпалы аурулар ауруханасының науқастары су тапшылығына шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтаудың 1-шағын ауданындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен 26-шағын ауданындағы перинаталдық орталықта науқастар суық судың жоқтығынан қолайсыздық көріп отыр. Балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы науқастардың айтуынша, су тоқтағанына екі күн болған. Су тапшылығы науқастарға күтім жасауды қиындатып жатыр.
«Ластанған киімдер үйіліп қалды. Тіпті шай ішетін су жоқ. Санитарлар су әкелу үшін бес литрлік бөтелкелерді пайдаланып жүр», - деп шағымданады тұрғындар.
Перинаталдық орталықта суық су үш күннен бері жоқ. Науқастардың айтуынша, ыстық судың түсі лайлы, қара түсті.
«27 қазанда ауыр босандым, маған және басқа әйелдерге гигиеналық процедуралар қажет. Қол жууға мүмкіндік жоқ. Суды дүкеннен өзіміз сатып алып отырмыз. Ал операциядан кейін жаңа туған сәбиімен жатқан әйелдерге қалай болмақ?», - деп ашуланады науқастардың бірі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық аурухана бұл жағдай бойынша түсініктеме беруге уәде етті.